Жуырда әлеуметтік желілерде Қаракөлге ағып жатқан кәріз суының видеосы тарады. Видео "МАЭК" мекемесі аумағында түсірілген. Бейнежазба авторы мекеменің көлге кәріз суын айдайтынын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Мекеменің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша Қаракөл ауыз су өндірісі технологиялық үдерісіне қатысатын маңызды нысан. Ағымдағы жылдың 7 қарашасында жауын-шашын деңгейінің жоғары болуына байланысты «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Дистиллят өндіру және өндірістік жылумен, сумен жабдықтау зауытының (ДӨжӨЖСЖЗ) кәріз сорғы станциясы жанындағы шұңқырдан жаңбыр суын сорғылармен шығару қажеттілігі туындады. Технологиялық үдеріске сәйкес кәсіпорынның негізгі және қосалқы жабдықтары салқындағаннан кейін таза теңіз суы «Қаракөл» салқындату бассейніне төгіледі. Шығарылған жаңбыр суы да Қаракөл қорығына жіберіледі.
«Қаракөл» су нысаны 1968 жылы ЖЭО-2 және ЖЭС жылу станцияларының құрылысы кезінде салынды. Оның негізгі міндеті - қосалқы және негізгі жабдықтарды суыту технологиялық процесіне пайдаланылған теңіз суын салқындату. Теңізден алынған су салқындату циклынан өтіп теңізге Қаракөл тоғаны арқылы қайта жіберіледі. Тоғанға жылдар бойы кәсіпорыннан өндіріске қолданылған (жылына шамамен 1 миллиард текше метр) теңіз суы жіберілуде. Көлге ағызылатын су жылы әрі тиісті нормаларға сәйкес келеді. Сондықтан Қаракөл түрлі құстардың қоныс аударып, қыстап шығатын сүйікті мекеніне айналған. 1986 жылы Қаракөл мемлекеттік қорық мәртебесіне ие болды.
Айта кету керек, Қаракөл көлі қазір де «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС технологиялық процесіне қатысуды жалғастыруда. Егер кәсіпорынның энергетикалық жабдықтарын салқындатқаннан кейінгі нормативтік таза теңіз суы Қаракөл көліне жіберілмесе, онда бұл ерекше көлдің де жойылатыны сөзсіз.